
Белгілі жайдарманшы Нұрболхан Шараповтың айтуынша, сол тойда қызмет еткен даяшының дәл сол күні туған күні болған.
Қарағанды қаласында өткен тойда қонақтар даяшыға күтпеген сый жасады. Белгілі жайдарманшы әрі әзілкеш Нұрболхан Шараповтың айтуынша, ол жүргізген тойда қызмет еткен даяшының дәл сол күні туған күні болып шыққан.
Тойға жиналған 500 қонақ бірауыздан қолдау көрсетіп, туған күн иесіне 250 мың теңге және бір қой тарту етті.
«Қарағанды халқына мың алғыс! Джей Лоның видеосын таратқанша осындай жақсылыққа толы видеоны таратайық!», – деп жазды Нұрболхан әлеуметтік желіде.
Оқиға желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Көпшілік даяшыны құттықтап, қазақстандықтардың кең пейілін атап өтті. Бір қолданушы:
«Біздің тойды Нұрболхан жүргізді. 300 адамды орындарынан қозғалтпады, ешкім шығып кеткен жоқ. Дәл осылай 5 даяшыға 10 000 теңгеден берді. Еден жуатын апаға 100 мың теңге сыйлады. Ол кісі сыртқа шыққан соң қатты жылады», – деп естелігімен бөлісті.
Көпшілік жылы тілектерін арнап, «Сіңліме баянды да бақытты ұзақ ғұмыр тілеймін. Өмірің осындай бақытты сәттерден құралып, дархандықпен жалғаса берсін», – деген пікірлер қалдырды.