
Жедел реанимациялық шаралар мен сәтті отадан кейін пациент қалыпты өмірге оралды.
23 маусым күні Шымкент қаласында ерекше жағдай тіркелді. Қан қысымы көтерілген тұрғын үйінің алдында есінен танып құлаған. Балалары жедел жәрдем шақырған, ал келген фельдшер дефибриллятор көмегімен жүрек ырғағын қалыпқа келтіріп, науқасты кардиология бөліміне жеткізді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап, туыстарына дайын болуды ескерткен. Алайда арада біраз уақыт өткенде «науқас есін жиды» деген хабар жеткен. Бұл туралы stan.kz хабарлады.
«Хадиша» клиникасының кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі Еркінбек Нұртаевтың айтуынша, науқасқа жедел миокард инфарктісі диагнозы қойылған. Операция кезінде жүрек тоқтап, клиникалық өлім орын алған. Дәрігерлер 50 минут бойы жүрек-өкпе реанимациясын жүргізіп, нәтижесінде жүрек пен қан айналымын тұрақтандырған. Тәж артериясына стент қою операциясы сәтті аяқталып, инфарктқа қарсы ем жалғастырылған.
Қазір науқас толыққанды өмірге оралды. Ол арнайы дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдап, емхана кардиологының бақылауында болады. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.