"Қазгидромет" РМК 7 қарашаға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің хабарлауынша, еліміздің басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ болады.
Еліміздің бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы тәулікте Қазақстанның бірқатар облысында тұман, көктайғақ пен бұрқасын байқалады, кей жерлерде жел күшейеді.
Жетісу облысында таулы аудандарды тұман басады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні Алакөл көлдері маңында 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Алматы облысында солтүстік, оңтүстік және таулы аймақтарда тұман түседі. Алматы қаласында да түнде және таңертең тұман күтіледі.
Абай облысында батыс, солтүстік және орталық бөліктерінде қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болуы мүмкін. Күндіз жауын-шашын (жаңбыр мен қар), бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік және оңтүстік-батыс бағыттарынан соғып, кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді.
Атырау облысының батысында тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысында қар, бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Желдің жылдамдығы кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетеді.
Астанада көктайғақ болады, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с шамасында болады.
Жамбыл облысының батысы, оңтүстігі және таулы аудандарында тұман түседі. Таулы аймақтарда жел күшейіп, 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Павлодар облысында жаңбыр мен қар жауып, бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с.
Қостанай облысында жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде бұрқасын мен көктайғақ байқалады. Түнде және таңертең тұман түседі, жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақмола облысында түнде қар, күндіз жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Кей жерлерде бұрқасын мен көктайғақ, желдің екпіні 28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Қарағанды облысында солтүстік және шығыс аудандарында қар жауып, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр мен қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болады. Кей жерлерді тұман басып, желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында тұман күтіледі.
Түркістан облысының солтүстік, оңтүстік және таулы аймақтарында да тұман түседі.
Батыс Қазақстан облысында батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде тұман байқалады.