
Бұл туралы шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр.
Португалия құрамасының және Сауд Арабиясының «әл-Наср» клубының жұлдызы Криштиану Роналду ислам дінін қабылдауы мүмкін. Бұл туралы бірнеше шетелдік ақпарат көздері жарыса жазып жатыр. Футболшының іс-әрекеті мен командаластарының сөздері оның жаңа дінге бет бұрып жатқанын аңғартады. Бұл туралы tengri sport хабарлады.
«Әл-Насрдың» бұрынғы қақпашысы Валид Абдулланың айтуынша, әйгілі шабуылшы соңғы уақытта Ислам дініне ерекше ықылас білдіріп жүр.
«Роналду шынымен Ислам дінін қабылдағысы келеді. Мен онымен сөйлестім. Ол бұл тақырыпқа қатты қызығушылық танытты. Ол бірнеше рет намаздағы сәждені қайталады, командаластарына намаз оқуға, діни салттарды ұстануға кеңес беріп жүр», – деп мәлімдеді Абдулла Moroccoworldnews-ке берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Криштиану түрлі діни рәсімдердің мағынасы мен орындалу жолдарын өзі сұрап, жиі қызығушылық танытады.
2023 жылдың мамыр айында «Әл-Шабаб» командасына қарсы голдан кейін Роналду сәждеге барған еді. Бұл әрекеті әлеуметтік желілерде кең таралып, көпшілік тарапынан қолдау тапты.
Ал 2024 жылдың наурызында баспасөз мәслихаты кезінде Роналду:
«Әл-Наср жеңеді. Ремонтада, иншаАллах!» – деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, Рамазан айының аяқталуына байланысты Ораза айт мерекесімен барлық мұсылманды құттықтауы да көпшілікті таңғалдырды.
«Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ерекше күн сіздерге және отбасыларыңызға қуаныш пен тыныштық әкелсін», – деп жазды Криштиану өз парақшасында.
2023 жылы Роналдудың сүйіктісі, модель Джорджина Родригес Сауд Арабиясында орынсыз киім киіп, сынға ұшыраған еді. Алайда арада уақыт өте ол жергілікті мәдениетке құрметпен қарауды үйренген.
2024 жылдың көктемінде Джорджина ораза кезінде түсірілім жұмыстарын тоқтатып, ауыз бекітіп жүргенін әлеуметтік желі арқылы көрсеткен.
Қазіргі уақытта Криштиану Роналду ресми түрде католик. Бірақ соңғы айларда ол діни символикаларды араластырып қолданып жүр. 2024 жылғы Сауд Арабиясы королі кубогының финалында пенальтиден кейін Роналду айқыш белгісін жасап, артынша сәждеге барды.
«Дінге құрметпен қарады» – деп жазды жанкүйерлер әлеуметтік желілерде.