
Манчестерлік клуб мұндай қымбат трансфердің тиімді еместігін айтып, назарын басқа ойыншыға аударатынын жеткізді.
«Манчестер Сити» клубы «Байер» жұлдызы Флориан Вирцті сатып алудан бас тартты. Себеп — трансфер құнының шамадан тыс жоғары болуы. Бұл туралы BBC журналисі Сэми Мокбел хабарлады.
Англия алпауыты Вирцтің трансфері бойынша келіссөз жүргізіп, футболшыны командаға қосу мүмкіндігін қарастырған. Алайда барлық бонустарды қосқанда трансфердің жалпы құны шамамен 300 миллион еуроға жақын болған.
«Сити» басшылығы мұндай қаржылық салымның экономикалық жағынан тиімді еместігін мәлімдеп, келісімнен бас тартты. Бұл — клуб тарихындағы ең ірі мәмілелердің бірі болар еді.
«Манчестер Сити» бұған дейін де Фред, Жоржиньо, Френки де Йонг және Харри Кейн сияқты қымбат трансферлерден бас тартқан болатын. Клуб өзінің трансферлік стратегиясында ұзақ мерзімді тиімділік пен функционалдылықты басшылыққа алады.
Клубтың Вирцтен бас тартуы Хосеп Гвардиоланың жартылай қорғаушы Фил Фоденге толық сенім артатынын көрсетеді. Бас бапкер ішкі резервке сүйенуді құп көреді.
BBC дерегінше, «Сити» қазіргі таңда «Ноттингем Форесттің» ойыншысы Морган Гиббс-Уайтты негізгі балама ретінде қарастыруда. Оның трансферлік құны мен жалақысы Вирцпен салыстырғанда әлдеқайда тиімді.
45 матч
16 гол
15 нәтижелі пас
Ол «Байердің» басты шабуылдаушы күші болып қала береді және қазіргі таңда Еуропаның ең перспективалы жартылай қорғаушыларының бірі саналады.