
Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы, Премьер-лиганың бірнеше клубында ойнаған Алмат Бекбаев отандық футболшылардың табысы туралы өз ойын білдірді.
Оның айтуынша, жоғары жалақы — қажырлы еңбек пен табандылықтың нәтижесі.
"Менің ең жоғары жалақым — 18 мың доллар болды. Бірақ оған дейін тозақтың барлық шеңберінен өттім. Алғашқы кезде күніне 200 теңге, кейін 4 мың теңге алдым. Кейін жалақым 7 мың, 27 мың, тіпті 70 мың теңгеге дейін өсті. Бұл — зор еңбек. Қазір Асхат Тағыберген мен басқа футболшылардың 18-20 миллион теңге табатыны қызу талқыланып жатыр. Мен оларды жақсы түсінемін. Асхат бұл деңгейге еңбегімен жетті. Бірақ ондай ойыншылар санаулы", — деді Бекбаев Aladop.kz сайтына берген сұхбатында.
Алмат Бекбаев Асхат Тағыбергеннің жолын жақсы білетінін айтады. Екеуі де Қызылордадан шыққан, дубль құрамынан көтерілген. Бекбаевтың айтуынша, олар бірге пойызда, автобуста жол жүріп, қиыншылықтарды бастан өткерген.
"Асхаттың жолын жақсы білемін — ол да Қызылорданың тумасы. Біз жиі жол үстінде кездесетінбіз. Ол көп қиындық көріп, Қазақстан құрамасының капитаны деңгейіне дейін көтерілді", — дейді ол.
Асхат Тағыберген жуырда Шымкенттің «Ордабасы» клубынан кеткен. Бұл шешім оның айлық жалақысына қатысты қоғамда туындаған наразылықтан кейін қабылданды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ойыншының 20 миллион теңге айлық алатынын ашық айтып, бұл қоғамда қызу пікірталас тудырды.