
Бұл туралы ұлттық құраманың баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен мәлімдеді.
Аргентина аңызы Орталық Азияда жаңа жобаны бастауы мүмкін. Бұл туралы белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен мәлімдеді.
Қазақстан құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен FonTeam подкастында сөйлеген сөзінде Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алуы — Орталық Азия футболы үшін тарихи жетістік екенін айтты.
«Өзбекстанның әлем чемпионатына шығуы – айтарлықтай маңызды оқиға. Бұл – тек спорттық емес, саяси оқиға. Осы жағдай Орталық Азия елдеріне тың серпіліс беруі керек. Футболдың дамуына зор сепігін тигізуі керек. Көптеген академиялар салына бастайды. Өзбекстанды әлемде біле бастағаннан кейін Red Bull секілді компанияда Қазақстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда және Түрікменстандаөз өкілдіктерін ашатын шығар», – деді Мәулен.
Ең қызығы, Ермұхамед Мәулен Лионель Мессиге тиесілі компанияның жаңа жобасы туралы инсайдерлік ақпаратпен бөлісті:
«Қазір Мессидің арнайы жобасы бар – ол футбол клубтарын ашумен айналысатын компания. Жоспар бойынша төрт клуб ашылады: бірі Латын Америкасында, екіншісі Еуропада, ал біреуі Орталық Азияда болады. Бұл жоба Өзбекстанда немесе Қазақстанда жүзеге асуы мүмкін».
Сондай-ақ, FIFA президенті Джанни Инфантиноның сөзін мысалға келтірген ол: «Орталық Азия FIFA үшін маңызды аймақ. Олар осында арнайы өкілдік ашуды көздеп отыр. Бұл кеңсе Қазақстанда немесе Өзбекстанда орналасуы мүмкін», – деді.
Өзбекстан құрамасы тарихта алғаш рет футболдан Әлем чемпионатына жолдама алды. Іріктеудің соңғы кезеңінде екінші орынға ие болып, 21 ұпаймен топтан шықты. Бұл көрсеткіш — ел футболы үшін рекорд. Өзбекстан құрамасы Қатар, БАӘ, Қырғызстан және Солтүстік Кореяны артта қалдырды.
Ең қымбат өзбекстандық футболшы — Абдуқодир Хусанов. Transfermarkt мәліметінше, «Манчестер Сити» қорғаушысының нарықтық құны 35 миллион еуроға бағаланған.
Осы жеңістен кейін Өзбекстан президенті құраманың барлық ойыншыларына қытайлық BYD көлігін сыйға тартты.
Ал Қазақстан құрамасы өз алаңында Солтүстік Македонияға 0:1 есебімен жеңіліп, жанкүйерлерін өкінішке қалдырды. ЧМ-2026 іріктеуіндегі J тобында ел құрамасы екі жеңіліске ұшырап, топтан шығу мүмкіндігін күрт әлсіретті.