
"Атырау" ФК бас директоры Дидар Сыдықбек "Ұлытаудан" 0:1 есебімен ұтылғаннан кейін ойыншыларды қатаң сынға алып, клубта маңызды өзгерістер болатынын мәлімдеді.
Матчтан кейін Сыдықбек футболшылармен өткізген кездесуде қатал шешім қабылдағанын айтты:
"Ойыннан кейін бәріне жұмыстан кету жөнінде өтініш жазуға тапсырма бердім. Енді кім қалатынын, кім кететінін өзім шешемін", – деді ол.
Бұл шешім клубтағы дағдарыстың шарықтау шегіне жеткенін көрсетеді. "Атырау" Премьер-лигада орнын сақтау үшін қатаң шараларға баруға мәжбүр.
Сыдықбек алдағы уақытта жағымды жаңалық болатынын да ескертіп өтті:
"Ертең Астанаға барып, бапкерге қатысты жақсы жаңалықты жариялаймын. Қазір бір ойынға күш салайық, содан кейін жағдайды өзгерту жолдарын іздейміз", – деді ол.
Бұл сөздер клубтың жаңа бапкер шақыруы мүмкін екенін меңзейді. Мұндай қадам команда ішіндегі рухты көтеріп, ойын сапасын жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар клуб басшысы кейбір ойыншылардың кетуге өтемақы сұрауына қатысты да пікір білдірді:
"Егер біреу кету үшін өтемақы сұраса, олардың атын ашық жариялаймын", – деді Сыдыкбек.
Бұл мәлімдеме ойыншылардың клубқа деген адалдығын сынау әрі жауапкершілікті арттыру мақсатында айтылғаны анық.