
Менхенгладбахтық «Боруссия» клубының жартылай қорғаушысы Флориан Нойхаус команданың негізгі құрамынан уақытша шеттетілді. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.
Bild басылымының хабарлауынша, футболшы демалыс уақытында Майоркада болған. Желіде тараған видеожазбада Нойхаус мас күйінде жанкүйерлермен сөйлесіп, өз жалақысына қатысты әжуалы пікір айтқан. Сонымен қатар, видео барысында клубтың спорт директоры туралы «әлемдегі ең нашар менеджер» деген сын естіледі. Флориан бұл сөздің нақты авторы болмаса да, оған күлкімен жауап берген.
«Флориан Нойхаустың әрекеті мен сөздері клубтың беделіне зиян келтіріп, біздің құндылықтарымызбен мүлде сәйкеспейді. Бұл мәлімдемелер клуб мүшелерін қатты ренжітті», – деді «Боруссия» клубының бас директоры Штефан Штегеманн.
Қазіргі таңда 27 жастағы футболшы клубтың негізгі құрамынан бір ай мерзімге шеттетілді. Осы уақыт ішінде ол командамен бірге жаттыға алмайды және ресми кездесулерге қатыспайды.