
Қазақстан құрамасының көшбасшысы Бақтиер Зайнутдинов Түркияның "Бешікташ" клубымен Австриядағы оқу-жаттығу жиынына қатысатын 35 футболшының қатарына енді.
Түркиялық «Бешікташ» клубы жаңа маусым қарсаңында Австриядағы оқу-жаттығу жиынына қатысатын футболшылардың тізімін жариялады. Тізімге Қазақстан құрамасының көшбасшысы Бақтиер Зайнутдинов те енді.
35 ойыншының қатарына енген Зайнутдиновтың аты бұған дейін клубпен қоштасады деген қауесеттерге жиі іліккен болатын. Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, «Бешікташ» келесі маусымда қазақстандық жартылай қорғаушыға сенім артпай, оны басқа клубқа сатқысы келетіні айтылған еді.
Бақтиерге Ресей Премьер-лигасының бірнеше үздік командасы қызығушылық танытқаны да бұған дейін хабарланған. Алайда қазіргі жағдайға қарағанда, ойыншы әзірге «Бешікташ» сапында қалуы мүмкін.
2024/25 жылғы маусымда Зайнутдинов ыстамбұлдық клуб үшін 12 матчқа қатысып, бір нәтижелі пас берген. Жарақаттар мен ойын тәжірибесінің жетіспеуі оның негізгі құрамда тұрақты орнығуына кедергі келтірді.