
Лондондық клуб әйелдер командасына канадалық шабуылшы Оливия Смитті сатып алды.
Англияның әйгілі "Арсенал" футбол клубы трансфер бойынша әлем рекордын орнатты. Лондондық команда Канаданың ұлттық құрамасының шабуылшысы Оливия Смитті сатып алды. Ойыншымен ұзақмерзімді келісімшарт жасалғанын клубтың ресми сайты хабарлады.
"Канада құрамасының 20 жастағы шабуылшысы Оливия Смитпен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойғанымызды қуана хабарлаймыз. Ол "Ливерпуль" клубынан ауысып келді. Мәміле құны құпия сақталады", – делінген клуб хабарламасында.
Жас шабуылшы Англия мен Еуропада үздік атақтарға қол жеткізуді армандайтынын жасырмады:
"«Арсеналмен» келісімшартқа қол қою – мен үшін үлкен құрмет. Бұл жерде тек ең жоғарғы жетістіктер үшін күрескім келеді. Команданың жанкүйерлері керемет атмосфера жасайды, «Эмирейтс» стадионында ойнау сәтін тағатсыз күтіп жүрмін", – деді Оливия Смит.
Кей ақпарат көздері таратқан деректерге сүйенсек, трансфер құны шамамен 1 миллион фунт стерлингке (€1,16 млн) жетеді. Бұл – әйелдер футболында бір ойыншы үшін төленген ең жоғары сома, яғни жаңа әлемдік рекорд.