
2025/26 маусымындағы Чемпиондар лигасында жарқырап өнер көрсетіп жатқан алматылық "Қайрат" клубы өз тарихында ең табысты еуромаусымдардың бірін өткізіп жатыр.
Алматылықтар бірінші іріктеу кезеңінде Словенияның "Олимпия" клубын қос матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңде Финляндияның "КуПС" командасынан 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу раундына жолдама алып, өз бюджетіне 525 мың еуро (шамамен 330 миллион теңге) қосты.
Егер "Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өте алмаса, 550 мың еуро (345,7 миллион теңге) көлемінде арнайы өтемақы алады. Мұндай жағдайда команда Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне қатысады. Ал егер сол турда да сәтсіздікке ұшыраса, қосымша 300 мың еуро (188,6 миллион теңге) сыйақы беріледі.
Ең төменгі нәтиженің өзінде "Қайрат" Конференциялар лигасының топтық кезеңіне қатысады. Бұл клубқа 3,17 миллион еуро (1,99 миллиард теңге) табыс әкеледі. Осылайша ең нашар сценарийдің өзінде алматылық команда ағымдағы еуромаусымнан кемінде 4,55 миллион еуро (2,86 миллиард теңге) табыс табады.
Маусым соңында "Қайраттың" табысына телевизиялық және маркетингтік құқықтардан түсетін қаржы да қосылады. Бұл клубтың жалпы кірісін одан әрі арттыратыны сөзсіз.