АҚШ-тың Форт-Лодердейл қаласындағы "Чейз" стадионында Дэвид Бекхэмнің командасы – "Интер Майами" мен Мексиканың "Атлас" клубы кездесті. Бұл Лиганың Кубогы аясындағы топтық кезең ойыны болатын.
Кездесу өте тартысты өтті. Есепті алғашқы болып алаң иелері ашты. Теласко Сеговия өзінің шеберлігін көрсетті. Алайда көп ұзамай «Атлас» сапынан Хосе Лосано таразы басын теңестірді. Матчтың шешуші сәті 90+6-минутта болды: Марсело Вейгандт «Интер Майамиге» жеңіс сыйлаған голды соқты.
Матчта гол соқпаса да, Лионель Месси шешуші рөл атқарды. Аргентиналық сұрмерген екі нәтижелі пасымен көзге түсіп, командасының екі голына да тікелей қатысы бар екенін дәлелдеді. Оның алаңдағы шеберлігі тағы да жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
«Интер Майами» енді 3 тамыз күні Мексиканың «Некакса» клубына қарсы алаңға шығады. Ал «Атлас» дәл осы күні «Орландо Ситимен» кездеседі. Айта кетейік, қазіргі Лиганың Кубогы иегері — «Коламбус Крю» клубы. Олар 2024 жылғы финалда «Лос-Анджелесті» 3:1 есебімен тізе бүктірген.