
Париждік клуб қақпашымен келісімшартты ұзарту жөнінде ортақ мәмілеге келе алмаған соң оны сатуға дайын секілді.
Англияның әйгілі «Манчестер Юнайтед» клубы ПСЖ қақпашысы Джанлуиджи Доннарумманың трансферге қолжетімділігі туралы ресми түрде сұрау жолдады. Бұл туралы The Telegraph басылымы хабарлады.
Қазіргі уақытта париждік клуб «Лилльдің» жас қақпашысы Люка Шевальені өз құрамына қосуға жақын. Бұл Доннаруммамен жаңа келісімшарт жөніндегі келіссөздер тығырыққа тірелген соң қабылданған шешім болып отыр.
ПСЖ Доннарумманы сақтап қалғысы келгенімен, ойыншы бірнеше ұсынысты қабылдамай, жалақы көлеміне қатысты наразылығын білдірген.
Италиялық қақпашының қазіргі келісімшарты 2026 жылдың жазында аяқталады. Осыған байланысты ПСЖ оны бұл трансферлік терезеде тиімді бағаға сатуға дайын екенін мәлімдеген.
Доннаруммадан бұрын «Юнайтед» клубы «Астон Вилла» қақпашысы Эмилиано Мартинестің жағдайын да сұрастырған. Алайда бирмингемдік клуб өз қақпашысын жалға беруден бас тартты.