
Ағылшындық «Арсенал» клубының жаңа шабуылшысы Виктор Дьекереш клуб тарихындағы ерекше рекорд орнатты. Оның есімі жазылған футболкаларға сұраныс соншалықты жоғары болғаннан, клубтың ресми сайты алғашқы күні істен шықты.
Дьекерештің Лондондық клубқа ауысуы жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Осыны ескерген «Арсенал» клубы ерекше акция ұйымдастырды: швед футболшысының есімін футболкаға тегін басып шығару мүмкіндігін ұсынды. Әдетте бұл қызмет 16 фунт стерлинг тұрады.
«Футболкалар сатылымы басталған алғашқы сағаттарда-ақ сайтқа кірушілер саны күрт өсті. Қысқа уақыт ішінде сайт істен шықты. Мұндай жағдай клуб тарихында алғаш рет орын алып отыр», — деп жазады The Athletic.
2025 жылғы жазғы трансфер кезеңіндегі ең көп талқыланған ойыншылардың бірі — Виктор Дьекереш жаңа маусымда «Арсенал» шабуыл шебіндегі басты қаруға айналуы мүмкін. Оның келгенінен кейін клуб маркетингі айтарлықтай жанданып, жанкүйерлер тарапынан зор қолдауға ие болды.