
Футболдан Литва чемпионатының кезекті турында "Жальгирис" "Кауно Жальгиристен" 1:2 есебімен жеңіліп қалған соң, "Жальгирис" бас бапкері Владимир Чебурин жанкүйерлер тарапынан көтерілген отставка мәселесіне байланысты алғаш рет пікір білдірді.
“Жанкүйерлердің талабын түсінемін. Бірақ мен – кәсіби маманмын. Келісімшарт бойынша жұмысымды жалғастыруға міндеттімін”, – деді бапкер.
Чебурин сұхбат барысында өзінің Литва футболындағы жетістіктерін еске салды:
“2021 жылы “Жальгирис” алғаш рет Чемпиондар лигасының екінші кезеңіне өтті.
Литва клубтары ішінде алғаш болып еурокубок топтық кезеңіне шыққан да – осы “Жальгирис”.
Мен бұл клубпен үш рет Литва чемпионы, екі рет кубок иегері, бір рет суперкубок иегері атандым.
Жалпы алғанда, менің Литвада алты чемпиондық атағым бар”, – деп нақтылады ол.
Чебурин матч алдындағы Ирландиядағы жағдайды да тілге тиек етті:
“Біз маңызды матч алдында алаңға шыққанда, трибунадан “Чебурин, кет!” деген айқай есту – ойыншыларға да, маған да психологиялық қысым. Иә, бізде нағыз қолдаушылар бар. Бірақ сырттан келетін дауылдың қайдан соққанын уақыт көрсетеді”, – деді ол.
Сондай-ақ, бапкер жанкүйерлермен айқайлап, дауласудан бас тартып, мұндай мәселелерді тек ресми өкілдер арқылы немесе кабинеттегі ашық сұхбатта шешуге болатынын айтты.