
25 жастағы Қазақстан құрамасы мен “Тобылдың” вингері Ислам Чесноков жазғы трансферлік кезеңде Түркия Суперлигасының бір клубына ауысуы мүмкін еді.
Бірқатар түрік клубтары қостанайлық ойыншыға қызығушылық танытып, оның агенті Ярослав Зваричпен байланысқа шыққан.
Алайда Чесноковтың өзі Батыс Еуропада өнер көрсетуді қалайды. Ол “Тобылдағы” келісімшарты аяқталатын 2025 жылдың соңын күтіп, Шотландияның “Хартс” клубына ауысуды жоспарлап отыр.
Чесноков — Өскеменнің “Алтай” клубының түлегі. 2021 жылы ол Беларусьтің “Белшина” командасымен келісімшартқа отырды. Ал 2023 жылы Қостанайдың “Тобылына” қосылды.
Ағымдағы маусымда Ислам Чесноков “Тобыл” сапында барлық турнирлерде 20 матч өткізіп, 7 гол соғып және 3 нәтижелі пас берген.
Қазақстан ұлттық құрамасы үшін ол 15 ойынға қатысып, 2 гол соққан.
Танымал Transfermarkt порталы футболшыны 900 мың еуроға бағалап отыр.