
«Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сатпаев кезекті мәрте командасын алға сүйреді.
Жас форвард елордалық «Жеңіс» қақпасына екі гол соғып, маусымдағы жеке статистикасын 15 гол және 7 нәтижелі пасқа жеткізді. Осы көрсеткіштің арқасында болашақ «Челси» ойыншысы бомбардирлер тізімінде 2-орынға көтерілді.
Ойын Алматы клубының 3:1 есебімен аяқталды. Бұл жеңістің арқасында «Қайрат» 23 турдан кейін 52 ұпай жинап, ҚПЛ кестесінде қайтадан бірінші орынға шықты (ҚПЛ-да Дастан 11 гол соқты).
Алғашқы гол кезінде Сатпаев оң қапталдан алған пасты әдемі өңдеп, Исламбек Қуатты қапы қалдырып, оң аяғымен қақпашы Сергей Игнатович қорғаған қақпаға дәл соққы жасады. Бәлкім, соққы ортаға бағытталған шығар, бірақ соққы өте жойқын, ал қақпашы тебу сәтін алдында тұрған бір топ ойыншының кесірінен дұрыс бақылай алмады. Екінші голында Александр Мартыновичтің мінсіз пасын пайдаланып, алдында допты керемет тастап жіберіп, қақпашымен бетпе-бет шығып, суырылып соққы жасады.
«Жеңістің» намыс голын Исламбек Қуат соқты. Ол Адилионың пасынан кейін баспен дәл бағыттап, жас қақпашы Шерхан Қалмырзаны қапы қалдырды. Алайда матч соңында Рикардиньо нүкте қойып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Бұл Сатпаевтың қатарынан екінші ойында гол соғуы. Әр ойынында шешуші сәттерде көзге түсіп жүрген Дастан «Қайраттың» басты қаруына айналып үлгерді.