
Бүгін, 23 қыркүйек күні Астанада футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама беретін Қазақстан мен Италия құрамалары арасындағы жауапты плей-офф ойыны өтеді.
Қазақстан – Италия матчының тікелей эфирі сағат 19:30-да «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі. Ойын Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
Алғашқы кездесу 18 қыркүйекте Италияның Фазано қаласында өтіп, алаң иелерінің 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. 15-минутта Джованни Пульвиренти, 29-минутта Юлио Де Оливейра гол соқты. Қазақстан сапынан 32-минутта Шыңғыс Есенаманов көзге түсті.
Ақтық бәсекеге өту үшін Қазақстан ұлттық құрамасы бұл ойында екі доп айырмашылығымен ұтуы қажет.
Еуро-2026 жарысы 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Латвия, Литва және Словения елдерінде өтеді. Қазіргі Еуропа чемпионы – Португалия құрамасы: 2022 жылғы финалда олар Ресейді 4:2 есебімен жеңген болатын.