
Парижде өткен «Алтын доп-2025» марапаттау рәсімінде бас жүлдені «Пари Сен-Жерменнің» шабуылшысы Усман Дембеле иеленді.
Ал «Барселона» мен Испания құрамасының жас жұлдызы Ламин Ямаль екінші орынмен шектелді.
Бұл нәтиже футболшының әкесі Мунир Насрауидың ашу-ызасын тудырды. Ол Footmercato-ға берген сұхбатында былай деді:
«Бұл – ең үлкен әділетсіздік. Мұны ұрлық деп айтпаймын, бірақ моральдық зиян өте үлкен. Ламин – әлемдегі ең үздік ойыншы, оған тең келетін ешкім жоқ. Ол әр матчта айырмашылықты жасап жүр. Мұнда бір оғаш жағдай орын алды. Испания халқын құттықтаймын, келесі жылы «Алтын доп» Испанияға тиесілі болады», – деді ол.
Дегенмен, Ямаль назардан тыс қалған жоқ. Ол әлемнің үздік жас ойыншысы ретінде «Копа» жүлдесін алды.
Былтырғы маусымда 18 жасар футболшы «Барселона» мен Испания сапында 58 матч өткізіп, 18 гол соғып, 25 нәтижелі пас берген. Ол каталондық клубпен бірге Ла Лига, ел кубогы және Суперкубокты жеңіп, Лига чемпиондарының жартылай финалына дейін жетті.