
Испаниялық «Жеңістің» бұрынғы ойыншысы Мигель Анхель Хунко Мартинес Чемпиондар лигасындағы «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы матч жайлы пікір білдірді.
Мартинестің айтуынша Қалмырзаға үлкен қысым болады, бірақ осындай ойын испандықтың ойынша өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік:
«Менің ойымша, үлкен қысым тек Қалмырзаға ғана емес, барлық ойыншыларға түседі. Өйткені бұл Чемпиондар лигасы — клубтық футболдағы басты турнир. 18 жаста мұндай матчтарға қатысу — керемет тәжірибе. Осындай жаста осындай деңгейде ойнауға мүмкіндік туса деп армандайтынмын. Ол осы сәттің қадірін біледі деп үміттенемін. 18 жасында Чемпиондар лигасында алаңға шығу — үлкен қадам», — деді испандық футболшы ASnews.kz-қа берген сұхбатында.
Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасында Лиссабонның «Спортингіне» қарсы сырт алаңдағы кездесуде дебют жасады. «Қайрат» 1:4 есебімен жеңілсе де, жас қақпашы 24-минутта Юльманнның пенальтисін қайтарып, командаға үміт сыйлаған еді.
Енді алматылық клуб Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі келесі матчқа дайындалып жатыр — 30 қыркүйекте Алматыда «Қайрат» мадридтік «Реалды» қабылдайды.
Айта кетейік, Мигель Анхель Хунко — испандық «Райо Кантабрияның» тәрбиеленушісі. Ол Испания, Финляндия, Малайзия және Камбоджа клубтарында ойнаған. Қазақстанда «Жеңіс» сапында бес матч өткізіп, екі гол соққан. Қазір ол клубсыз жүр.