
Жас қақпашы Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасындағы тарихи ойынынан кейін ерекше құрметке бөленді.
Алматылық «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза футбол жанкүйерлерінің назарында ғана емес, табысты кәсіпкерлердің де ықыласына бөленіп отыр.
Белгілі бизнесмен Ұлықбек Шарипов жас қақпашыны арнайы кездесуге шақырып, оған заманауи Exeed автокөлігін сыйға тартты.
Бұл жайлы кәсіпкердің Instagram парақшасында және Шерхан Қалмырзаның сторисінен белгілі болды.
Шерхан Қалмырза биылғы маусымда жанкүйерлерге ерекше есте қаларлық әсер қалдырды. Ол Чемпиондар лигасында мадридтік «Реалға» қарсы өткен ойында қазақстандық футбол жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді.
Жас қақпашының қайсар ойыны әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көптеген жанкүйерлер оның ерлігіне алғыс айтты.
Ұлықбек Шарипов Шерханды анасы екеуімен бірге арнайы шақырып, Exeed маркалы жаңа көліктің кілтін өз қолымен табыс етті.
«Жастарға сенім артып, олардың еңбегін бағалау – біздің парызымыз. Шерхан Қазақстан футболының болашағы екенін көрсетті», – деді кәсіпкер.
Бұл сыйлық – тек материалдық қолдау ғана емес, қазақстандық спортқа сенімнің белгісі. 18 жастағы қақпашы кәсіби мансабының басында тұрса да, ел футболының жаңа толқынының жарқын өкілі атанып үлгерді.
Мұндай қолдау жас спортшыларға қанат бітіріп, олардың әрі қарай дамуына серпін береді.