
Бір кездері жаңа маусым басталмай жатып, әлем футболының басты интригасы — Nike пен Adidas-тың, Pepsi секілді компаниялардың жаңа жарнамасы болушы еді. Ал қазір ше? Миллиондаған ролик бар, бірақ ешқайсысы жүрекке жетпейді...
Сол бір кезді есіңізге түсіріңізші… Жаңа маусым алдында бәріміз «Nike жарнамасы шықты ма?», «Adidas бұл жолы кімді түсіреді екен?» деп күтіп отыратынбыз. Ол роликтер жай ғана жарнама емес, шағын фильм еді.
Роналдиньоның қулығы, Анридің жылдамдығы, Зидан мен Фигу арасындағы дуэль, Роналдо мен Бекхэмнің шеберлігі — бәрі кино сияқты әсер қалдыратын. Кадрлар, музыка, динамика… бәрі мінсіз. Біз футболды сол жарнамалар арқылы сүйіп өстік.
Nike-тың “Joga Bonito”, Adidas-тың “Impossible is Nothing”, Pepsi-дің футбол жұлдыздарын біріктірген жарнамалары – тек брендтік науқан емес, тұтас дәуірдің мәдени коды еді. Ол видеоларда футбол тек спорт емес, өнер, философия, еркіндік болатын.
Жарнама көп. Бірақ жан аз. Футбол енді шабыттың емес, стратегия мен аналитиканың аренасына айналды. Бүгінгі роликтер сапалы, графикасы мінсіз, бірақ сол баяғы сиқыр жоғалғандай.
Nike пен Adidas қазір футболды шоу емес, қоғамның айнасы ретінде көрсетеді. Эмоция мен күлкі орнын – әлеуметтік үндеу мен дұрыс месседж басты. Бұрын жарнама шықса, бүкіл әлем экранға қадалатын. Қазір ол Instagram-ның тасасында қалып қояды.
Маркетинг бұрын жүректен шығатын. Енді ол Excel-ден басталып, аналитикамен аяқталады.
Айта кетерлігі, футболдың өзі өзгерді. Ол енді құмарлық пен фантазияның емес, дерек пен стратегияның ойынына айналды.