ҚПЛ-дың биылғы маусымында алматылық клубтың негізгі қақпашысы болған Александр Заруцкий клубта қалмайды.
Алматылық "Қайрат" футбол клубы тәжірибелі қақпашы Александр Заруцкиймен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады. Бұл ақпаратты журналист Елдар Аманбаев өзінің Telegram парақшасында хабарлады.
Маусым басында Александр Заруцкий «Қайраттың» тірегіне айналып, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде негізгі құрамда ойнаған еді. Алайда сырт алаңда "Селтикке" қарсы матчта жарақат алып, бірнеше аптаға алаңға шыға алмай қалды.
Содан бері “Қайраттың” қақпадағы қорғаны Темірлан Анарбеков болды. Жас ойыншы өз мүмкіндігін толық пайдалана алды. Сондықтан болар, клуб басшылығы енді дәл осы қақпашыға сенім артып отыр.
«Александр Заруцкий "Қайраттан" кетеді. Чемпион клуб тәжірибелі ойыншымен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады. ҚПЛ-дың қай клубы қақпашыны өз қатарына қосқаны дұрыс?», – деп жазды журналист Елдар Аманбаев.
Айта кетейік, Темірлан Анарбеков те «Қайраттың» басты қаһарманына айналды.
Алматыда өткен жауапты матчта ол пенальти сериясында бірнеше соққыны қайтарып, команданы еурокубоктың келесі кезеңіне алып шықты. Сол ойындағы сенімді ойыны жас қақпашының беделін арттырды.