Павлодар футболының түлегі әрі бір кезеңде «Барселона» академиясында білім алған сол қаптал қорғаушысы Алан Агаев ҚР азаматтығын қайта рәсімдеу процесі қалай жүріп жатқанын айтты. Футболшы азаматтық алған бойда ұлттық құрамаға шақырту алуға үміттенетінін жеткізді.
Агаевтың сөзінше, рәсімдеу жұмысы бірнеше айға созылуы мүмкін. Себебі оның анасы да Қазақстан азаматтығын қайта алып жатыр.
«Иә, құжат тапсырдым. Қазір бұған бірнеше ай уақыт кетеді. Себебі анам да Қазақстан азаматтығын қайта рәсімдеп жатыр — өзі бірнеше айға созылатынын айтты. Бұрын «Ертісте» болған бір жаттықтырушыммен байланыстым. Оған: “Қазақстан азаматтығын алған сәтте бұл туралы бірден біліп, мені [құрамаға] шақыра ала ма?” деп айттым. Ол: “Иә” деді. Азаматтық алған кезде бұл жайлы Федерация да бірден хабардар болады сияқты», — деді Агаев Legalbet.kz тілшісіне.
20 жастағы Алан Агаев — сол қаптал қорғаушысы, Павлодар қаласының тумасы. Ол 2015–2018 жылдары «Барселона» академиясында дайындықтан өткен.
2020 жылдан бастап футболшы Мәскеудің «Родина» клубының жүйесінде болды. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде жалға беру келісімімен «Челябинск» сапына қосылды. Жаңа командасында Бірінші лигада екі матч өткізген.
Transfermarkt мәліметінше, Агаевтың нарықтағы құны 125 мың еуро шамасында бағаланады.