Бауыржан Исламхан ұлттық құрама үшін қандай бапкер қолайлы болу мүмкін деген сұраққа өз ойын білдірді.
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан ASnews.kz сайтына берген сұхбатында ұлттық құраманы кім жаттықтыруы тиіс деген сауалға жауап берді.
– Ұлттық құрамаға шетелдік бапкер керек пе, әлде отандық маманға сенім артқан дұрыс па?
"Федерацияның жұмысына араласқым келмейді. Олардың өз ұстанымы бар, менің де өз пікірім бар. Егер «шетелдік бапкер керек» немесе керісінше «қазақстандық маман болуы тиіс» десем, жұрт «оны қайдан білесің?» деп сұрайды. Сондықтан бұл мәселеге араласпаймын. Кез-келген бапкер келуі мүмкін, ең бастысы – нәтиже".
Сондай-ақ Исламхан тіл мәселесі мен мотивация тақырыбын да қозғады:
"Мәселе аудармашы арқылы сөйлесу ыңғайлы ма, жоқ па дегенде емес. Шетел тілдері жағынан қиындық жоқ, біз көптеген мамандармен жұмыс істедік. Дегенмен бапкердің қазақ тілінде сөйлеуі, әрине, мүлде басқаша қабылданады. Ана тілімізде айтылған қолдау ерекше сезіледі. Сіздер Талғат Маруаұлының ойыншыларға қалай жігер беретінін жақсы білесіздер. Мен оның тұсында ұлттық құраманың капитаны болдым, соның бәрін өз көзіммен көрдім. Оның мотивациялық сөздері өте әсерлі. Әрине, еуропалық бапкер де тағайындалуы мүмкін. Әркім бұл шешімді өзінше қабылдайды: біреулер түсінеді, біреулер түсінбейді. Бар мәселе – осында", – деді Исламхан.
2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі барысында ұлттық құрама бас бапкерінің міндетін атқарушы болып Талғат Байсуфинов тағайындалды. Қазақстандық маман ұлттық команданы үшінші рет тізгіндеді.