Жақын арада Павлодардың "Ертіс" клубында басшылық пен бапкерлер штабы ауысуы ықтимал.
Алдағы күндері "Ертіс" құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырамақ. Ақпаратқа сәйкес бірқатар ойыншы клубпен келісімшартқа қол қоюдан бас тартуы мүмкін. Олардың қатарында Қазақстан құрамасына шақырылатын футболшылар да бар: қорғаушылар Сұлтанбек Астанов, Темірлан Ерланов және Сағадат Тұрсынбай.
Дереккөз мәліметінше, павлодарлық клубқа шақырылған легионерлердің де жағдайы күрделі.
Бұрын Украина құрамасында ойнаған жартылай қорғаушы Евгений Макаренко "Ертістің" ұсынысына қарамастан Петропавлдың "Қызылжарына" ауысуды жөн көрген.
Ал өзбекстандық ойыншы Шохбоз Умаров соңғы сәтте Павлодарға келуден бас тартып, "Бунёдкор" клубымен келісімшартқа қол қойғаны айтылады.
Клубтың жаңа бас бапкері ретінде бұрын "Елімай", "Жеңіс" және "Жетісу" командаларын жаттықтырған Самат Смақовтың кандидатурасы қарастырылған. Алайда соңғы ақпарат бойынша бұл қызметке Беларусьтен шақырылатын тәжірибелі маман келуі мүмкін.