Португалия құрамасының әрі Сауд Арабиясының "Әл-Наср" шабуылшысы Криштиану Роналду командасының ішкі басқаруына қатысты келіспеушіліктерге байланысты алаңға шығудан бас тартты.
A Bola мәліметінше, Роналдудың Сауд Арабия Мемлекеттік инвестициялық қорының (PIF) клубты қалай басқарып отырғанына көңілі толмайды. Оның ойынша, қордың қазіргі басқару шешімдері "Әл-Насрдың" дамуына толық пайда әкелмей отыр, әсіресе бәсекелестермен салыстырғанда.
Айта кетейік, Роналду трансферлік нарықтағы белсенділік тұрғысынан "Әл-Хилалды" мысалға келтіріп, бұл клубтың құрам күшейту бағытында әлдеқайда қарқынды жұмыс істеп жатқанын алға тартқан.
Ақпаратқа сәйкес, Роналду бойкот белгісі ретінде Сауд Арабиясы чемпионатындағы "Әл-Риядқа" қарсы ойында алаңға шықпауды жоспарлап отыр. Бұл кездесу 2 ақпан күні өтуі тиіс.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романо да португалиялық футболшының алдағы матчты жіберетінін растады. Ол Роналдудың денсаулығында ешқандай мәселе жоқ екенін арнайы атап өткен.
Қосымша мәліметтер жақын уақытта жариялануы мүмкін.
PIF тек "Әл-Наср" мен "Әл-Хилалды" емес, сонымен бірге Сауд Арабиясындағы тағы екі клубты тікелей қадағалайды. Олар — "Әл-Иттихад" және "Әл-Ахли".