"Челси" Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың лондондық командаға қосылғаннан кейін қай нөмірмен ойнайтынын алдын ала белгілеп қойған.
Журналист Ербол Қайыровтың айтуынша, қазақстандық форвардқа 9-нөмір беріледі. Қазір бұл нөмір Англияның жастар құрамасының шабуылшысы Лиам Делапқа тиесілі.
Ақпарат клубтың ресми дүкенінде нақтыланған. Жанкүйерлерге арналған дүкенде Сәтпаевтың аты-жөні жазылған жейдені қазірдің өзінде сатып алуға болады.
"Біз "Стэмфорд Бридж" стадионының жанындағы "Челсидің" ресми фан-шопында тұрмыз. Клуб Қазақстанның шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың келуіне дайын. Биылғы жазда Делап өзінің 9-нөмірін біздің ойыншымызға беруге мәжбүр болады", — деді журналист.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасының және "Қайраттың" 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың "Челсиге" ауысатыны былтыр ақпанда жарияланған.