7 қаңтар ресми түрде шотландиялық ұжымның сапына қосылған қазақстандық вингер осы кезге шейін клубтың бір-ақ матчына қатысқан болатын.
Шотландиялық "Хартс" командасының бас бапкері Дерек Макиннес қазақстандық вингер Ислам Чесноков пен клубқа жаңадан қосылған өзге де ойыншылардың жағдайы туралы пікірін айтты, деп жазады Edinburgh News.
Макиннестің сөзінше, жанкүйерлер тарапынан Чесноковқа қызығушылықтың жоғары болуы заңды, алайда бапкерлер штабы ойыншыны толық физикалық дайындығы қалыптаспай тұрып алаңға шығаруға асықпайды. Тәжірибелі маман қазақстандық футболшының маусымы былтыр қарашада аяқталғанын еске салып, бұл жайт оның қазіргі бабына әсер етіп отырғанын жеткізді.
"Чесноков пен Мато — әлеуеті жоғары, көрерменге қызық футболшылар. Уақыт өте келе олардың командаға нақты пайдасын тигізетініне күмәнім жоқ", – деді "Хартстың" бас бапкері.
Сонымен қатар Макиннес ұзақ үзілістен кейін жаңа чемпионаттың қарқыны мен стиліне бейімделу оңай емес екенін атап өтті.
"Жаттығуларды бақылап отырмын. Бұл – маусымы қарашада аяқталған екі ойыншы. Тіпті толық дайын тұрған футболшы үшін де басқа лигаға үйрену қиын, ал қазір олар әлі де шағын дайындық кезеңінен өтіп жатыр", – деп түсіндірді ол.
Бапкердің айтуынша, Чесноков өз жағдайын жақсы түсінеді және ең жоғары бабына жету үшін барынша еңбек етуде.
"Ең бастысы — олар мұның бәрін дұрыс қабылдап отыр. Қосымша жұмыс істеп, бар күшін салуда. Маусым соңына дейін командаға пайдасын тигізеді деп сенеміз", – деді Макиннес.
Сондай-ақ маман дайын емес ойыншыларды алаңға шығарудың белгілі бір тәуекелге толы екенін айтып, бапкерлер штабы әрқашан футболшылардың да, команданың да мүддесін бірінші орынға қоятынын жеткізді.
"Кейде жанкүйерлер футболшы өтінімде болса, ол міндетті түрде ойнауға дайын деп ойлайды. Бірақ қауіп дәл осында. Бапкер ретінде кеңірек ойлап, ойыншыға адал болу қажет", – деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, Ислам Чесноков "Хартс" сапында ресми матчта дебют жасап үлгерді. Ол 18 қаңтарда "Фалкиркке" қарсы кубоктық ойында пенальтиге себепкер болды. Алайда соңғы турларда қазақстандық футболшы матчтық өтінімнен тыс қалды. Исламның алаңға қайта шығуы 11 ақпандағы Эдинбург дербиінде – "Хибернианға" қарсы кездесуде мүмкін.