"Ақтөбе" футбол клубы негізгі құрамдағы бірнеше ойыншының жарақат алғанын хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Қазақстан құрамасының қорғаушысы әрі команданың капитаны Бағдат Қайыров және аргентиналық жартылай қорғаушы Агустин Пасторица жолдастық кездесулер барысында жарақат алған.
Қазіргі уақытта екі футболшы да қалпына келу курсынан өтіп жатыр. Осыған байланысты олар бүгін, 17 ақпанда ресейлік "Уфаға" қарсы өтетін матчқа қатыса алмайды. Кездесу Астана уақытымен 19:00-де басталады.
Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына "Ақтөбенің" жастар құрамасынан Виталий Латурнус, Нұрдәулет Төреғали және Кәрім Елеуов қосылды. Бұл шешім негізгі құрамдағы жарақаттарға байланысты ротацияны күшейтуге бағытталған.
Еске салайық, 2025 жылғы Қазақстан Премьер-Лигасы маусымында "Ақтөбе" турнир кестесінде бесінші орын алды.
Жақында клуб иесі ретінде кәсіпкер Нұрлан Артықбаев жарияланды. Forbes деректеріне сәйкес, оның дәулеті 228 миллион долларға бағаланады.