Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Батырбек Әшірбаев "Ордабасы" ФК вице-президенті қызметіне тағайындалды.
“Ордабасы” басқару құрылымында кадрлық жаңару болғаны айтылып, вице-президент лауазымына Батырбек Әшірбаевтың бекітілгені хабарланды.
Клуб таратқан мәліметке сәйкес, Батырбек Әшірбаев:
Еңбек жолын 2015 жылы “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында бастаған. 2016–2021 жылдары “Dara Жылу Қуаты” компаниясын басқарған. Сонымен қатар OTAU GROUP холдингі президентінің кеңесшісі қызметін атқарған.
2021 жылдан бері “Integra Construction KZ” компаниясында бас директордың орынбасары болып жұмыс істеп, ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуын үйлестірген. 2024 жылдан бастап Шымкент қалалық бокс федерациясының президенті және қала мәслихатының депутаты ретінде қызмет атқарып келеді.
Айта кетейік, ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” мемлекеттік медалімен марапатталған.
Клубтың хабарлауынша, Батырбек Әшірбаев әкімшілік бағытты, клубтың ұйымдастырушылық жұмыстарын, штаттық құрылым мәселелерін және ішкі басқару процестерін қадағалайды.
Еске салсақ, 16 ақпанда ҚПЛ-2023 чемпионы “Ордабасы” Қазақстан футбол федерациясының президенті, кәсіпкер Шахмұрад Мұтәліповтың меншігіне ресми түрде өткен еді. Сол күні клуб президенті болып Дархан Қызайбай тағайындалған.