Қазақстан Премьер-Лигасының екінші турында семейлік "Елімай" мен өскемендік "Алтай" кездесті.
Матч “Астана Арена” стадионында өтті. Есепті фаворит саналған семейліктер ашты. 10-минутта жартылай қорғаушы Рамазан Оразов алыстан тепкен дәл соққысымен қарсылас қақпасының тоғыздығын көздеді.
Осыдан кейін “Алтай” бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, “Елімай” қақпашысы Владимир Стойковичтің маңында қысым жасаумен болды. Дегенмен өскемендік клуб көп күткен голын тек матчтың ең шешуші сәтінде соқты. 90-минутта Сейф Попов командасына маңызды бір ұпай сыйлады.
Матч драмасы мұнымен аяқталған жоқ. Қосымша уақыттың 90+4-минутында “Елімай” пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды. Алайда Иван Свиридов 11 метрлік айып добын голға айналдыра алмады. й, қақпашыға есе жіберді.
Осы тең ойыннан кейін “Елімайда” екі ұпай болды. “Алтай” болса маусымдағы алғашқы ұпайын еншіледі.