"Атырау" ФК қайтадан сатылымға шықты: бағасы үш есе құлдырады

Сарапшы, спорт журналисі

"Атырау" футбол клубы тағы да электронды сауда алаңына қойылды. 

"Атырау" ФК қайтадан сатылымға шықты: бағасы үш есе құлдырады
Instagram/@fc_atyrau

Клуб қаншаға бағаланып отыр?

Алғашқы сауда 2026 жылғы 17 ақпанда өткен. Сол кезде клубтың бастапқы бағасы 250,8 млн теңге болып белгіленген. Бірақ сатып алушы табылмады.

Кейін баға бірнеше рет төмендетілді:

  • 10 наурыз — 175,5 млн теңге
  • 27 наурыз — 125,4 млн теңге
  • 17 сәуірге белгіленген жаңа сауда — 75,2 млн теңге

Осылайша қазір "Атырау" клубының 100 пайыз үлесі бастапқы бағадан 3,3 есеге құлады. Саудаға қатысушылар 37,6 млн теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс.

Нарықтық құны қандай?

"Атырау" клубының нарықтық құны 250,8 млн теңге деп бағаланған. Бұл бағалауды 2025 жылдың желтоқсанында тәуелсіз сарапшы ұйым жасаған. Қазір клуб мемлекет меншігінде.

Болашақ инвесторға қойылатын негізгі талаптар өзгеріссіз қалды. Ең маңызды шарттардың бірі — үш жыл ішінде өз қаражатына футбол академиясына арналған спорт кешенін салу. Оның шамаланған құны кемінде 1 млрд теңге болуы керек.

Сонымен қатар жаңа иесі:

  • жаттығу базалары мен стадионды тиісті деңгейде ұстауы;
  • үш жыл ішінде клубтың футбол орталығында кемінде 1000 бала оқытуы;
  • облыс аудандарында футбол орталығының филиалдарын дамытуы;
  • дарынды балаларды іріктеу жүйесін жолға қоюы;
  • жергілікті және қазақстандық ойыншыларды негізгі құрамға тұрақты тартуы тиіс.

Командаларға қатысты міндеттер

Жаңа қожайын клубтың Қазақстан чемпионаттарына қатысуын толық қамтамасыз етуге міндетті. Атап айтқанда:

Премьер-лигада — кемінде 25 кәсіби футболшы

Екінші лигада — кемінде 25 ойыншы

Әйелдер командасында — кемінде 25 футболшы

Бұдан бөлек клуб басқаруы тиімді әрі тұрақты болуы керек. Қаржылық есеп жыл сайын аудиттен өтіп, мемлекеттік органдарға клубтың қаржылық, спорттық және инвестициялық қызметі туралы толық есеп тапсырылуы қажет.

Қазақстанда сатылған басқа клубтар

Қазақстанда футбол клубтарын электронды сауда арқылы сату тәжірибесі бұрын да болған. Осы тәсілмен:

"Шахтер" — Тимур Турловқа

"Ақтөбе" — Нұрлан Артықбаевқа

"Тұран" — Дінмұхамед Ыдырысовқа сатылған

Соңғы жылдары бірқатар клубқа жеке инвесторлар келген. Олардың қатарында "Қайсар", "Қызылжар", "Жеңіс", "Ордабасы", "Оқжетпес" және "Елімай" бар.