Португалия чемпионы "Ақтөбеде" жұмыс істейді

Сарапшы, спорт журналисі

"Ақтөбе" ФК селекциялық бағытты күшейту мақсатында спорттық бөлімге жаңа маман қосты.

Португалия чемпионы "Ақтөбеде" жұмыс істейді
Instagram/@fcaktobe_official

Қандай міндет атқарады?

Клуб таратқан ақпаратқа қарағанда Карлуш Шайнью "Ақтөбеде" скаутинг жүйесін дамытуға жауапты болады. Сондай-ақ спорт директоры Марат Хайруллинге трансфер мен ойыншы іріктеу бағытында қолдау көрсетеді.

Бұл шешім клубтың кадрлық және трансферлік жұмысын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған қадам ретінде бағалануда.

Карлуш Шайнью кім?

Карлуш Нарсису Шайнью — анголалық түбі бар португалиялық маман. Жасы — 51-де. Футболшы кезінде ол тірек жартылай қорғаушы позициясында ойнаған.

Өз мансабында мына клубтардың жейдесін киген:

  • "Каса Пия" 
  • "Эштрела" 
  • "Порту" 
  • "Маритиму" 
  • "Насьонал" 
  • "Сарагоса" (Испания)
  • "Панатинаикос" (Грекия)
  • "Алки" (Кипр)
  • "Шахин Бушер" (Иран)

Футболшы ретінде 1998/1999 жылғы маусымда Португалия чемпионы атанды. Сонымен қатар ел кубогын және суперкубогын екі реттен жеңіп алған. Мансабын 2009 жылы Иран чемпионатында аяқтаған.

Бапкерлік тәжірибесі де бар

Португалиялық маман тек ойыншы ретінде емес, бапкер ретінде де жұмыс істеген. Ол әр жылдары:

  • "Навал" 
  • "Тондела" 
  • "Витория Сетубал" 
  • "Каса Пия"  секілді командаларда қызмет атқарған.

Қазір Карлуш Шайнью Португалия чемпионатының елшісі ретінде де танымал.