38 жылдан кейінгі алғашқы титул: әлем чемпионы әжесіне берген уәдесін орындады
Германия құрамасымен әлем чемпионы атанған Лукас Подольски 40 жасында туған қаласының клубына тарихи жетістік сыйлады. Польшадағы "Гурник Забже" командасы араға 38 жыл салып, алғашқы ірі трофейін жеңіп алды.
"Гурник Забже" ел кубогын еншіледі
Польшаның Забже қаласының намысын қорғайтын "Гурник Забже" ел кубогының финалында "Ракувты" 2:0 есебімен ұтты. Бұл жеңіс клуб тарихындағы ерекше оқиға болды. Себебі команда соңғы рет мұндай деңгейдегі титулды 38 жыл бұрын иеленген.
Финалдық кездесуге футбол әлемінің танымал тұлғаларының бірі — Лукас Подольски де қатысты. 2014 жылғы әлем чемпионы матчтың 90-минутында алаңға шықты. Ол ойынға аз уақыт қатысқанымен қарсылас футболшысына қатысты эпизодта қызыл қағаз алып, кездесудің соңын аса эмоциялық күйде өткізді.
Финалдық ысқырықтан кейін Подольски тізерлеп отырып, көз жасына ерік берді.
Әжесіне берген уәде
Бұл жеңістің Подольски үшін маңызы ерекше. Футболшының отбасы 1980-жылдардың соңында Польшадан Германияға қоныс аударған. Ал оның әжесі Забже қаласында қалған.
Халықаралық 433 медиасының мәліметінше, Подольски бірнеше жыл бұрын әжесіне бір күні туған қаласының клубы — "Гурник Забже" сапында ойнауға уәде берген.
Футболшы бұл уәдесін 2021 жылы орындап, Польша клубына қосылған еді. Ал енді сол командамен бірге трофей жеңіп алып, бұл оқиғаны одан әрі тарихи сәтке айналдырды.
Подольски клубтың қожайындардың бірі болды
Айта кетейік, Лукас Подольски соңғы уақытта "Гурник Забже" клубының қожайындардың бірі атанды. Осылайша ол Забже командасымен тек футболшы ретінде емес, клубтың болашағына жауапты тұлғалардың бірі ретінде де байланысын күшейтті.
Қандай клубтарда ойнады?
Лукас Подольски мансабында әлемнің бірнеше ірі клубында өнер көрсетті. Ол "Бавария", "Арсенал", "Интер", "Галатасарай" және Жапонияның "Виссел Кобе" командаларында ойнаған.
Футболшы Германия чемпионы, Германия кубогының иегері, Англия кубогы мен Суперкубогының жеңімпазы, Түркия чемпионы және 2014 жылғы әлем чемпионы атанған.