Ислам Чесноков Шотландияда чемпиондыққа жақындай түсті

Жекпе-жек шолушысы

Шотландия чемпионатының 35-турында "Хартс" өз алаңында "Рейнджерсті" қабылдап, тартысты кездесуде жеңіске жетті.

Ислам Чесноков Шотландияда чемпиондыққа жақындай түсті
instagram/@heartsofmidlothianfc

Ислам Чесноков негізгі құрамда шықты

Қазақстан құрамасының вингері Ислам Чесноков ойынды алғашқы минуттан бастады. Бірақ екінші таймның басында алмастырылды.

Кездесу жоғары қарқында басталды. Екі команда да шабуылға басымдық беріп, қауіпті сәттер жасауға тырысты.

"Рейнджерс" бірінші болып есеп ашты

Ойынның 23-минутында қонақтар алға шықты. Ауттан кейінгі шабуыл барысында Дижон Стерлинг мергендігімен көзге түсті.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды. Үзіліске дейін "Хартс" таразы басын теңестіруге тырысқанымен қонақтар қорғанысы сыр бере қойған жоқ.

Ойын екінші таймда өзгерді

Үзілістен кейін алаң иелері белсендірек қимылдай бастады. Команда шабуылдағы қарқынын күшейтіп, көп ұзамай нәтиже шығарды.

54-минутта Стивен Кингсли есепті теңестірді. Ал 71-минутта Лоренс Шенкленд "Хартсты" алға шығарды. Осылайша кездесудің қорытынды есебі 2:1 болып тіркелді. 

Бұл жеңістен кейін "Хартс" ұпай санын 76-ға жеткізіп, чемпионат кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. Ал "Селтик" 73 ұпаймен екінші орында тұр. "Рейнджерс" 69 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп келеді.