ҚПЛ клубы Джейми Вардиге қызығушылық танытты
Англия Премьер-лигасының бұрынғы чемпионы, тәжірибелі шабуылшы Джейми Варди мансабын Қазақстанда жалғастыруы ықтимал.
AmanVIBE дерегіне сүйенсек, 39 жастағы ағылшын форвардына Қазақстан Премьер-лигасының бір клубы қызығушылық танытып отыр. Аталған команда биыл чемпиондық атақ үшін белсенді күрес жүргізіп, шабуыл шебін күшейтуді көздейді.
Қазір Джейми Варди Италияның "Кремонезе" клубында өнер көрсетеді. Осы маусымда 25 матчқа қатысып, 5 гол соққан. Футболшының италиялық клубпен келісімшарты алдағы жазда аяқталады. Сондықтан Вардиге қатысты ықтимал трансфер қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше қызығушылық тудырып отыр.
Айта кетейік, Джейми Варди әлем футболына "Лестер Сити" сапындағы жарқын ойынымен танылды. 2016 жылы командасымен бірге сенсациялық түрде Англия Премьер-лигасының чемпионы атанған еді.