Иран құрамасы әлем чемпионатына дайын екенін мәлімдеді

Спорт шолушысы

Ұлттық құрама әлем чемпионатына дайындықты бастап кетті. Бұған дейін саяси шиеленіс аясында олардың турнирге қатысуы белгісіз болған еді.

Иран құрамасы әлем чемпионатына дайын екенін мәлімдеді
Umit Bektas/Reuters

Ирандық футболшылар әлеуметтік желіде жаңа форманың суреттерін жариялап, алдағы турнирге дайындық барысын көрсетті. Жаттығу Иранда басталып, кейін команда жолдастық кездесулер өткізу үшін Түркияға аттанбақ. Жоспар бойынша құрама үш матч өткізеді.

Ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттерінен кейін құраманың ӘЧ-2026 турниріне қатысуы күмән тудырған. Бірақ ФИФА президенті Джанни Инфантино ресми түрде шешім шығарды.

“Иран әлем чемпионатына қатысады және матчтарын АҚШ-та өткізеді”, - деп мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме барлық сұраққа нүкте қойды.

"Егер бұны Джанни айтқан болса, мен қарсы емеспін, ойнай берсін", - деді Трамп Ақ үйде берген сұхбатында. 

Турнир қарсаңында команданың маңызды ойыншысы вингер Али Голизаде ауыр жарақат алып, маусымды мерзімінен бұрын аяқтады. Футболшыға операция жасалып, бірнеше айға қатардан шығады.

Сонымен қатар ӘЧ-2026 трансляциясына қатысты күтпеген жағдай туындады. Футболдан әлем чемпионатын Қытай мен Үндістандағы миллиондаған жанкүйер көрмеуі мүмкін. Бұған турнирдің трансляция құқықтарына қатысты келісімнің жасалмауы себеп. Ал турнирдің басталуына небәрі 5 апта қалды.