"Барселона" мен "Ливерпуль" ПСЖ ойыншысына таласа бастады
Еуропаның алпауыт клубтары вингер Брэдли Барколяға қызығушылық танытып отыр.
Франциялық "Пари Сен-Жермен" клубының ойыншысы Брэдли Барколя алдағы жазғы трансферлік кезеңде Еуропаның алпауыттарының нысанасына айналуы мүмкін.
Инсайдер Флориан Плеттенбергтің мәліметінше, 21 жастағы француз футболшысына "Бавария", "Барселона", "Арсенал" және "Ливерпуль" қызығушылық білдіріп отыр. Сонымен қатар Англия Премьер-лигасының тағы бірнеше клубы да ойыншының жағдайын бақылауда ұстап отырғаны айтылады.
Брэдли Барколя не үшін керек?
Дереккөздің хабарлауынша, "Арсенал" Барколяның ойынын мұқият зерттеп, оның физикалық дайындығы, техникалық мүмкіндігі және тактикалық әлеуеті бойынша толық ақпарат жинаған. Лондондық клуб сол қапталда ойнай алатын жылдам әрі қауіпті шабуылшы іздеп жүр.
"Барселона", "Ливерпуль" және "Бавария" клубтарының көздегені де осы. Аталған ұжымдар шабуыл шебін күшейту үшін жазда жаңа вингер сатып алуға ниетті.
Әзірге ПСЖ Барколяны сатуға дайын ба, жоқ па — нақты белгісіз. Алайда жазғы трансферлік терезеде француз футболшысының болашағына қатысты келіссөздер қыза түсуі ықтимал.