Екінші мүмкіндік. "Тобыл" жаңа инвестормен келіссөз жүргізіп жатыр

Жекпе-жек шолушысы

Қостанайлық футбол клубына қаржы құюы мүмкін тарап ретінде Қазақстандағы ірі агроөнеркәсіптік холдингтердің бірі аталып отыр.

Екінші мүмкіндік. "Тобыл" жаңа инвестормен келіссөз жүргізіп жатыр
instagram/@fctobol

Жаңа инвестор кім болуы мүмкін?

Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше, "Тобылдың" жаңа иесі немесе негізгі инвесторы ретінде "Олжа Агро" агрохолдингі қарастырылып жатыр.

Бұл компания Қазақстанның аграрлық секторындағы ірі ойыншылардың бірі саналады. Холдинг бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді:

  • өсімдік шаруашылығы;
  • ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығы;
  • астық пен майлы дақылдарды сақтау және экспорттау;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу;
  • ауыл шаруашылығы техникасын өндіру.

Компанияның басқаруындағы жер көлемі шамамен 960 мың гектар.

Келіссөз нақты кезеңге өткен

Аманбаевтың айтуынша, тараптар арасындағы келіссөз жай ғана қызығушылық деңгейінде емес, нақты талқылау кезеңіне жеткен. Дегенмен инвестордың қостанайлық клубқа келуі туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

"Келіссөздер қазіргі уақытта мазмұнды сипат алып отыр. Алайда инвестордың “Тоболға” келуіне қатысты соңғы шешім әзірге шыққан жоқ", — деп жазды инсайдер өзінің Telegram-арнасында.

Бұған дейін Шухрат Ибрагимов туралы айтылған еді

Еске салайық, бұған дейін қостанайлық клубтың қазақстандық миллионер Шухрат Ибрагимовтың меншігіне өтуі мүмкін екені хабарланған. Бірақ кейінірек келіссөздердің соңғы сәтте тоқтатылғаны белгілі болды.

"Тобыл" Қазақстан премьер-лигасының 9-турынан кейін турнир кестесінде төменгі орындардың бірінде тұр. Команда 8 ұпаймен 12-орынға жайғасқан.

Материалда: