Қазақстан құрамасының ойыншысы "Левантенің" бірінші командасына шақырылды

Бас редактор

18 жастағы футболшы бұған дейін "Хисторикс Валенсияда" ойнап, кейін "Леванте" жүйесіне ауысқан болатын. 

Қазақстан құрамасының ойыншысы "Левантенің" бірінші командасына шақырылды
penalty.kz

19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Алдияр Нұрғали алғаш рет Испанияның "Леванте" клубының негізгі құрамына шақырту алды.

18 жастағы футболшы қазір команда негізімен бірге жаттығу өткізіп жүр. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында "Бірінші команда" деген жазумен сурет жариялады.

Жаттығу кезінде қазақстандық ойыншы тәжірибелі хавбек Унаи Венседормен болған бірнеше эпизодта белсенділігімен көзге түсті.

Қазақстаннан Испанияға дейінгі жол

Алдияр футболдағы алғашқы қадамдарын Қазақстанда бастаған. 2023 жылы Испанияға қоныс аударып, әуелі "Хисторикс Валенсия" клубында ойнады. Кейін 2024 жылы "Леванте" жүйесіне ауысып, 2025 жылдың желтоқсанында клубпен кәсіби келісімшартқа қол қойды.

Нұрғали Қазақстан жасөспірімдер құрамасының барлық сатыларынан өткен футболшылардың бірі саналады. Ол алғаш рет U-17 құрамасына шақырту алып, кейін U-19 командасының негізгі ойыншыларының біріне айналды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының Еуроның элиталық іріктеу кезеңіне шығуына өз үлесін қосты.