"Реал" бас бапкерге қатысты шешім шығарды
Альваро Арбелоа үшін "Атлетикке" қарсы матч "Реалдың" бас бапкері ретіндегі соңғы ойыны болады.
Мадридтік "Реалдың" бас бапкері Альваро Арбелоа клубтағы болашағына қатысты мәлімдеме жасады. Испания чемпионатының 38-туры аясында "Атлетикке" қарсы өтетін матч ол үшін соңғы ойын болады. Арбелоа бұл туралы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында айтты.
Арбелоа: "Бұл менің осы маусымдағы соңғы матчым"
Испаниялық маман "Реалдан" үлкен алғыспен кететінін жеткізді. Оның сөзінше, командадағы ойыншылар оған бапкер ретінде дамуға көмектескен.
"Мен "Реалдан" зор алғыспен кетемін. Себебі ойыншылар мені жақсырақ етті және әр күнімнен ләззат алуға мүмкіндік берді. Мен "Реалда" 20 жылдан бері жүрмін, бұл — менің үйім. Бұл менің осы маусымдағы соңғы матчым. Ал өмірімдегі "Реал" бапкері ретіндегі соңғы ойыным бола ма, оны ешкім білмейді", — деді Арбелоа.
Арбелоа Хаби Алонсоның орнына келген еді
Альваро Арбелоа мадридтік клубтың бас бапкері қызметінде Хаби Алонсоның орнын басқан болатын. Алайда оның жетекшілігімен "Реал" маусымдағы басты мақсаттарына толық жете алмады.
Команда Испания кубогынан шығып қалды. Чемпиондар лигасының ширек финалында "Баварияға" жол берді. Ал Ла Лигада "Барселонаға" лайықты бәсеке ұсына алмады.
Жаңа бапкер кім болады?
"Реалдың" келесі бас бапкері туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен белгілі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, мадридтік клубты португалиялық маман Жозе Моуриньо басқаруы мүмкін.