Ресейдің топ-клубтары Максим Самородовқа қызығып отыр
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов жазғы трансфер кезеңінде Ресей Премьер-лигасындағы беделді клубтардың біріне ауысуы мүмкін.
Самородовқа кімдер қызығып отыр?
Ресейлік инсайдерлердің мәліметінше, “Ахмат” сапында өнер көрсетіп жүрген Максим Самородовқа бірден бірнеше клуб назар аударған. Негізгі үміткерлер қатарында “Краснодар” мен “Локомотив” аталып отыр. Сонымен қатар кей дереккөздер “Спартактың” да қызығушылық танытқанын жазған.
23 жастағы Максим Самородов 2024 жылдың тамыз айында “Ақтөбеден” Грозныйдың “Ахматына” ауысқан.
Қазір футболшының нарықтық құны шамамен 2,5 миллион еуро деп бағаланған. Дегенмен “Ахмат” басшылығы қазақстандық ойыншы үшін бұдан да жоғары баға сұрауы мүмкін. Себебі Самородовтың клубпен келісімшарты 2028 жылға дейін жарамды.
Бұған дейін Максим Самородовтың трансферлік бағасы 500 мың еуроға өсіп, қазір 3 миллион еуроға жеткені хабарланған.
Самородовтың “Ахматтағы” статистикасы
Қазақстан құрамасының футболшысы грозныйлық клубта өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. “Ахмат” сапында өткізген кезеңде Самородов 62 матчқа қатысып, 13 гол соқты және 12 нәтижелі пас берді.
Өткен маусымда Максим Самородов пен Ғалымжан Кенжебек өнер көрсететін клуб Ресей Премьер-лигасында 37 ұпаймен 9-орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасындағы жолы
Максим Самородов алғаш рет Қазақстан құрамасына 2021 жылдың 17 наурызында шақырту алды. Ол кезде бас бапкер Талғат Байсуфинов оны 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Франция және Украина құрамаларына қарсы матчтарға шақырған.
Футболшы ұлттық құрамадағы дебютін 2021 жылдың 28 наурызында өткізді. 18 жасында Францияға қарсы 83-минутта Руслан Валиуллиннің орнына қосылды. Бұл кездесуде Қазақстан Франциядан 0:2 есебімен жеңілді.
Ал 2023 жылдың 23 наурызында Самородов ұлттық құрамадағы алғашқы голын соқты. 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Словенияға қарсы матчта мергендігімен көзге түсті. Қазақстан бұл ойында 1:2 есебімен жеңілді.