Қазақстан еурокубоктағы табысы бойынша үздік 25 елдің қатарына енді
"Қайрат" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде 21,2 миллион еуро табыс тапты.
Қазақстан 2025/2026 маусымында еурокубоктардан түскен табыс бойынша УЕФА елдері арасында үздік 25-ке енді. Ел намысын негізгі кезеңде жалғыз клуб — алматылық "Қайрат" қорғаған еді.
Алдын ала қаржылық есеп бойынша, "Қайрат" еурокубок маусымында 21,2 миллион еуро табыс тапқан. Бұл көрсеткіш Қазақстанға УЕФА-дағы 39 елдің ішінде 21-орын алуға мүмкіндік берді.
Қазақстан қай елдерден озды?
Қаржылық рейтингте Қазақстаннан кейін бірқатар елдер орналасты. Олардың арасында негізгі кезеңге екі клуб шығарған мемлекеттер де бар.
Қазақстаннан төмен тұрған елдер:
- Украина — 21,1 миллион еуро, 2 клуб;
- Венгрия — 19,4 миллион еуро, 1 клуб;
- Сербия — 19,0 миллион еуро, 1 клуб;
- Румыния — 14,0 миллион еуро, 2 клуб;
- Швеция — 11,9 миллион еуро, 2 клуб.
Осылайша "Қайраттың" Чемпиондар лигасына шығуы Қазақстан үшін тек спорттық емес, қаржылық тұрғыдан да маңызды нәтиже болды.
Еурокубок табысы бойынша көшбасшылар
Еуропалық клубтық турнирлердегі табыс бойынша бірінші орында Англия тұр. Бұл елден негізгі кезеңдерге тоғыз клуб қатысып, жалпы 676 миллион еуро табыс тапқан.
Үздік бестік мынадай:
1. Англия — 676,0 миллион еуро, 9 клуб
2. Испания — 446,2 миллион еуро, 8 клуб
3. Германия — 386,8 миллион еуро, 7 клуб
4. Италия — 315,7 миллион еуро, 7 клуб
5. Франция — 310,7 миллион еуро, 7 клуб
21. Қазақстан — 21,2 миллион еуро, 1 клуб
Келесі маусымда Қазақстаннан төрт клуб өнер көрсетеді
Алдағы еурокубок маусымында Қазақстан атынан төрт команда қатысады. "Қайрат" Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.
Ал "Астана", "Тобыл" және "Елімай" Конференция лигасының іріктеу кезеңінен бастайды.