Юрген Клопп жаңа клубты жаттықтыруға келісім берді
Бұрын "Ливерпульді" жаттықтырған тәжірибелі бапкер Сауд Арабиядағы клубпен келіссөз жүргізіп жатыр.
MatchDay Central дерегіне сүйенсек, 58 жастағы Юрген Клопп "Әл-Иттихад" командасын басқаруға алдын ала келісімін берген. Саудиялық клуб неміс маманы қойған талаптардың басым бөлігін қабылдаған. Дегенмен тараптар әзірге бір маңызды мәселе бойынша ортақ шешімге келе алмай отыр.
Қашан жұмысқа кірісуі мүмкін?
Юрген Клопп толыққанды бапкерлік қызметке тек 2026 жылдың қазан айында кірісуге дайын. Бұған оның Red Bull компаниясы алдындағы міндеттемелері себеп болып отыр. Қазір Клопп аталған құрылымда футбол бағыты бойынша жаһандық жетекші қызметін атқарады.
Осыған байланысты неміс маманы "Әл-Иттихадқа" келгенге дейін команданы оның көмекшілері басқаруы мүмкін. Ал Клопп клубтағы негізгі процестерді қашықтан бақылап, жалпы бағыт-бағдар беріп отыруды ұсынған.
"Әл-Иттихад" шешім қабылдаған жоқ
Қазір саудиялық клубтың басшылығы Клопптың бұл талабын қарастырып жатыр. Әзірге келісім толық бекітілген жоқ және соңғы шешім кейінірек қабылданады деп күтілуде.
Әкімшілік қызметке ауысқанға дейін Клопп Дортмундтың "Боруссиясы" мен Англияның "Ливерпулінде" үлкен табысқа жетті. Бапкерлік мансабында Чемпиондар лигасын, Англия Премьер-лигасын және Германия Бундеслигасын жеңіп алды.