"Тобыл" еурокубок алдында алжирлік легионермен күшейеді
Қостанайлық "Тобыл" қорғаныс шебін күшейту мақсатында алжирлік орталық қорғаушы Райан Сенхаджимен келісімге келгені хабарланды.
"Тобыл" Райан Сенхаджимен келісімге келді
Инсайдер Елдар Аманбаевтың хабарлауынша, 28 жастағы орталық қорғаушы қостанайлық клубқа қосылуға жақын. Оның соңғы клубы әзербайжандық "Сумгаит" болды. Бұл команда сапында 28 матч өткізіп, бір гол соққан.
"Тобыл» РПЛ-де ойнаған тәжірибесі бар алжирлік қорғаушыны қатарға қосты. Менің ақпаратым бойынша, қостанайлық клуб 28 жастағы орталық қорғаушы Райан Сенхаджимен келісімге келген. Бұл трансфер клубтың қорғаныс шебін күшейтуге және маусымның маңызды бөлігі алдында құрамды нақты позициялар бойынша жаңартуға ниетті екенін көрсетеді", — деп жазды Аманбаев Telegram-арнасында.
Қорғаушының нарықтық құны қанша?
Райан Сенхаджидің бойы — 190 сантиметр. Transfermarkt дерегіне сүйенсек, футболшының нарықтық құны шамамен 900 мың еуроға бағаланады.
Ол Францияның Лион қаласында дүниеге келген. Футболдағы алғашқы қадамын "Сошо" академиясында бастап, осы клубтың U-19 командасы арқылы кәсіби деңгейге көтерілді.
Кейін "Сошоның" негізгі құрамында, сондай-ақ Болгария чемпионатындағы "Монтана", "Пирин" және "Крумовград" клубтарында өнер көрсетті. Бұдан бөлек, оның мансабында норвегиялық "Яммербугт" пен ресейлік "Факел" командалары да бар.