Қазақстан құрамасының жеңіліссіз сериясы үзілді
Футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Венгрияға есе жіберді.
Сергей Малый Қазақстанды алға шығарды
Кездесудің алғашқы минуттарында алаң иелері белсенді қимылдады. Дегенмен есепті Қазақстан құрамасы ашты. 9-минутта Максим Самородов орындаған бұрыштамадан кейін Сергей Малый баспен дәл соққы жасады.
Осы голдан кейін Венгрия допқа көбірек иелік етіп, шабуыл қарқынын арттырды. Соған қарамастан қазақстандықтар да бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Ең қолайлы мүмкіндіктердің бірінде Дастан Сәтпаев бос қақпаны дәл көздей алмады.
Екінші таймда Венгрия ойынды өзгертті
Үзілістен кейін алаң иелері қысымды күшейтті. 52-минутта Доминик Собослаи қақпа алдындағы пасты нәтижелі аяқтап, таразы басын теңестірді.
63-минутта Максим Самородов алаңнан қуылды. Осыдан кейін Венгрия құрамасы сан басымдығын тиімді пайдаланды. 67-минутта Андраш Шефер алыстан жойқын соққы жасап, өз командасын алға шығарды.
Матчтың соңғы минуттарында венгриялықтар тағы бір гол соқты. 90+3-минутта Раймунд Тот қорытынды есепті тіркеді — 3:1.
Осылайша Талғат Байсуфиновтың шәкірттері үш матчқа созылған жеңіліссіз сериясын тоқтатты.