Иран құрамасы әлем чемпионатында жанкүйерлер қолдауынсыз қалуы мүмкін

Спорт шолушысы

Футболдан әлем чемпионаты алдында Иран құрамасына қатысты тағы да даулы жағдай туындады. Иран футбол федерациясының мәліметінше, ФИФА ұлттық құрама жанкүйерлеріне бөлінген арнайы билет квотасын жойған.

Иран құрамасы әлем чемпионатында жанкүйерлер қолдауынсыз қалуы мүмкін
Fadel Senna/AFP/Getty Images

Әдетте әлем чемпионатына қатысатын 48 құраманың әрқайсысы стадиондағы орындардың шамамен 8%-ына ие болып, оларды өз жанкүйерлері арасында тарата алады. Алайда Иран футбол федерациясы бұл құқықтың күші жойылғанын мәлімдеді.

Өткен жылдан бері Иран азаматтарына қатысты енгізілген шектеулер салдарынан көптеген жанкүйердің АҚШ аумағына кіруі қиынға соғуда. Әлем чемпионатының топтық кезеңінде құраманың барлық кездесуі АҚШ-та өтеді. Команда Жаңа Зеландия, Бельгия және Египет құрамаларымен бір топқа түскен.

Иран тарапы шешімге қарсылық білдірді

Иранның спорт саласындағы ресми өкілдері жанкүйерлерді заңды билеттерден айыру халықаралық жарыстардың қағидаттарына қайшы екенін мәлімдеді. Олардың пікірінше, мұндай шектеулер спорттан гөрі саяси себептермен байланысты және қатысушы елдер арасындағы теңдік қағидатын бұзады.

“Иран жанкүйерлерін заңды әрі ресми билеттерге қол жеткізу мүмкіндігінен айыру халықаралық жарыстардың рухына және қатысушы елдердің теңдігі қағидатына қайшы әрекет”

Бұған дейін ирандық өкілдер АҚШ билігін ұлттық құрамаға қысым көрсетіп отыр деп айыптаған еді. Ақпаратқа сәйкес, ойыншыларға виза берілгенімен, командамен бірге жұмыс істейтін бірнеше қызметкер қажетті құжаттарды ала алмаған. Осыған байланысты Иран тарапы футбол ұйымын жағдайға араласып, мәселені шешуге шақырды.

2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусымда басталады. Турнирді үш мемлекет АҚШ, Канада және Мексика қабылдайды.