Футболдан әлем чемпионаты қандай рекордтармен есте қалуы мүмкін?

Спорт шолушысы

Тарихтағы ең ауқымды мундиальда бірқатар тарихи рекорд жаңаруы мүмкін.

Футболдан әлем чемпионаты қандай рекордтармен есте қалуы мүмкін?
Rodrigo Oropeza/AFP

Биылғы әлем біріншілігінің басты ерекшелігі – қатысушы елдер санының артуы. Алғаш рет турнирдің финалдық кезеңіне 48 құрама қатысып жатыр. Бұған дейінгі чемпионаттарда қатысушылар 32 командамен шектелген болатын. Осы себепке байланысты матчтар саны да айтарлықтай өседі. Егер 1998-2022 жылдар аралығындағы әлем чемпионаттарында 64 ойын өткізілсе, биыл олардың саны 104-ке жетеді. Сәйкесінше бір турнирде соғылған голдар саны бойынша рекордтың жаңару ықтималдығы да артады. Қазіргі рекорд - 172 гол. Мұндай нәтиже 1998 және 2014 жылғы әлем чемпионаттарында тіркелген.

Сонымен қатар футбол жұлдыздары Лионель Месси мен Криштиану Роналду әлем чемпионатына 6 рет қатысқан алғашқы ойыншылар атануы мүмкін. Қазіргі таңда бес әлем чемпионатына қатысу рекорды бірнеше ойыншыға тиесілі. 

Клозенің рекордтарына қауіп төніп тұр

Месси мен Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша рекордты жаңартуға мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіш әзірге Мирослав Клозеге тиесілі. Германиялық шабуылшы әлем чемпионаттарында 16 гол соққан. Ал Мессидің еншісінде 13, Мбаппеде 12 гол бар.

“Ацтека” стадионы рекорд жаңартпақ

Әлем чемпионаты тарихта алғаш рет үш мемлекетте АҚШ, Мексика және Канадада ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар Мехикодағы әйгілі “Ацтека” стадионы әлем чемпионатының ойындарын үшінші рет қабылдайтын алғашқы арена ретінде тарихқа енеді. Бұған дейін мұнда 1970 және 1986 жылғы мундиальдардың матчтары өткен.